Қарағанды облысының мәдениет басқармасы
«Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайы көрме залымен» КМҚК

2021 жылы 2 сәуірде Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің көрме залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Жезқазғантүстімет» ӨБ кен өндірістік кешені бригадасының бригадирі, Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаты Макишев Тұрсынбек Шамбылұлына арналған «Елінің елеулі азаматтары: еңбек – ер атандырар» атты көрменің ашылуы өтті.  Жобаның мақсаты – түрлі салаларда ел экономикасын көтеруге ат салысып, рухани құндылықтарды сақтап, елі үшін еңбек еткен шынайы шеберлердің, ойға алған мақсаттарына жетпей тынбайтын нағыз біртуар азаматтардың, үлкен өмірлік тәжірибеден өткен майталман жандардың қызметтерін көрсету, кейіпкеріміздің өмірі арқылы халыққа қалай және қай уақытта мерейлі еңбектің қуанышқа бөлейтіндігі туралы жеткізу. Әрбір жасалған ерлік, әсіресе  еңбек жолындағы  ерлік ең біріншіден жастар арасында жолын қуушы, жалғастырушы ізбасарларының болуы. 
 
Бұл жоба ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы аясында еңбек адамдарының адал жұмысымен сый-құрметке бөленіп, ел игілігін еселеп арттыру жолында үлгі-өнеге көрсетіп жүрген тұлғаларды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған.
Тұрсынбек Макишев – «Қазақстанның Еңбек Ері», «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік сыйлығының, ІІІ, ІІ және І дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгілерінің иегері.
Жобаны ұйымдастыру барысында музей қызметкерлері қатысушының өмірі мен еңбегі туралы отбасылық мұрағаттан, дерек көздерінен жинақтап, іздестіру жұмыстарын жүргізді.  
Көрменің ашылу салтанатына Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Бапанов, «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС филиалы – «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің бас директоры Бауыржан Баймұханов, «Кәсіпқорған» салалық кәсіподағы Жезқазған қалалық филиалының төрағасы Ақылбек Төлепбергенов, Қарағанды облысының Құрметті азаматы, «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров, Жезқазған қаласы бойынша «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС әлеуметтік-еңбек қатынастары басқармасының басшысы Сабыржан Тембаев, әріптестері – құрметті кенші, толық «Кенші даңқы» иегері, «Еңбек даңқы» ІІІ дәрежелі орденінің иегері Жеңіс Досжанов, «Еңбек Даңқы» ІІ дәрежелі орденінің иегері, «Кен өндіру» учаскесінің бригадирі Ербол Есетов, кенші досы Жұмабек Махамбетов, Тұрсынбек Шамбылұлының отбасы мүшелері, туған-туыстары, БАҚ өкілдері  қатысты.  
Іс-шарада Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Бапанов, «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров, Жезқазған қаласы бойынша «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС әлеуметтік-еңбек қатынастары басқармасының басшысы Сабыржан Тембаев, Тұрсынбек Шамбылұлының әріптестері мен отбасы мүшелері, туған-туыстары құттықтау сөз сөйледі.
«Шашу» би ансамблінің орындауында «Шашу» биі болды. Т.Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі Ардақ Мұқышев «Бабалар» әнін тамылжыта шырқап, кештің көркін қыздырды. Қатысушылар назарына Т.Макишев жайлы деректі фильм ұсынылды. Сазгер Мұхитден Уатаев «Жезділіктер» және «Жездінің көшелерінде» әндерін орындады.  Әрі қарай  шара блиц-сұхбатқа ұласты.
Көрменің лента қию рәсімін көрме кейіпкері Тұрсынбек Макишев, «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС филиалы – «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің бас директоры Бауыржан Баймұханов, «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров жасады.   
Музей басшысы Раушан Қапарова жоба қатысушысына арнайы дайындалған естелік сыйлықтарды табыс етіп, құттықтау сөзін жеткізді. Іс-шара соңында жиналғандар суретке түсті.