Қарағанды облысының мәдениет басқармасы
«Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайы көрме залымен» КМҚК

2020 жылы 26 ақпанда Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойы аясында «Тарихы тұнған Алтын Орда» атты ғылыми-танымдық дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Ұлытау-Жезқазған өңірінің музей басшылары, тарихшылары, өлкетанушылары, музейдің Ғылыми Кеңесінің мүшелері қатысты.

Мақсаты: Алтын Орданың 750 жылдығы аясында өтетін шаралардың жоспарларымен таныстыру және талқылау.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар Алтын Орда тарихына қысқаша шолу жасады.

Модератор музей қызметкері, тарихшы Қабдол Әуезов болды.

Шараға жиналғандар назарына арнайы дайындалған слайд ұсынылды.

Іс-шара барысында пікір білдіргендер:

«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің басшысы, өлкетанушы Бахтияр Қожахметов: «Ұлытау өңірінде қатынайтын жолдар жөнделеді, Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойы жоғары дәрежеде атап өтілетін болады, осы мерейтой аясында Алаша хан, Жошы хан ескерткіштеріне қайта қалпына келтіру жұмыстары жасалатын болады».

М.Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен балқыту ісі музейінің басшысы Зейпін Қазанбаева: «Аймағымызда гидтер тапшы, сол олқылықтардың орнын толтыруымыз керек  және гид мамандарына арналған тарихшылар бірауыздан мақұлдап, келісілген оқулықтар жарыққа шықса, жақсы болар еді».

Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің басшысы Раушан Қапарова: «Өңірімізде туризм саласының кең қарқын алып, дамуы үшін, туристік орталық ашылса екен, сол кезде ғана тарихи-мәдени ескерткіштерге экскурсия, транспорт, гид тапшылығы сынды мәселелер оң шешімін таба алады. Музейіміздің суретші-қайта қалпына келтіруші мамандары Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойы аясында Болған ана, Домбауыл мазарларының макеттерін, Алтын шоқыдағы тастың және Жошы ордасынан табылған Жошы теңгесінің көшірмесін жасауды қолға алып отыр. Және де «Сарыарқаның қасиетті мекендері» атты 3 тілде жолнұсқаулығын әзірлеу, тарихи-мәдени ескерткіштерге жылжымалы экскурсиялар ұйымдастыру жоспарымызда бар».

Тарих ғылымдарының кандидаты, Жезқазған университетінің профессоры Тұрғанбек Алланиязов: «Елімізде нақты орта ғасыр тарихымен айналысатын тарихшылар некен-саяқ. Орта ғасыр тарихын зерттеу үшін, тарихшыға ең алдымен, сол кездердегі қолданыстағы араб, шығыс, ежелгі ұйғыр тілдерін білуі міндетті себепті, терең зерттеу қиынға соғатыны анық. Тек қана Ұлытаудың өзінің тарихын зерттеу үшін, кіл мықты археологтар мен тарихшылардан топ құрылу керек».

Тарихшы, бизнес және көлік колледжінің аға оқытушысы Надежда Дисекенова:

«Аймағымызда арнайы ұйымдастырылатын ауқымды экспедициялардың құрамында жергілікті тарихшылар мен археологтар бола бермейді, оларды да әртүрлі экспедицияларға қатыстырса, жақсы болар еді».

Сәтбаев қаласының №25 орта мектебінің тарих пәні оқытушысы, өлкетанушы, «Британец Карсакбая» еңбегінің авторы Мұхтар Сейтжанов: «Зерттелетін дүниелер әлі көп, сондықтан нақты деректерге сүйенген мәліметтерді қолдана отырып, жұмыстар атқаруымыз керек».

Қ.И.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейдің бас маманы Арман Бермағамбетов: «Аймағымыз бойынша тарихи-мәдени ескерткіштерге экскурсия жүргізуге алып бара алатын 3-4 қана маман бар. Тезірек арнайы гид-мамандарын даярлайтын үйірмелер ұйымдастыруды қолға алуымыз керек».

«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің, М.Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен балқыту ісі музейінің аға ғылыми қызметкері Айдар Искаков: «Ескерткіштер бойынша 2019 жылы дайындалған дайын материалдарды әртүрлі сайттарда жариялап, қолданушылар үшін қолжетімді етсек, көптеген адамдар өздеріне керек мәліметтерін оқи алатын еді».

Дөңгелек үстел соңында қатысушылар өзара келісіп, Ұлытау-Жезқазған өңірінің, ескерткіштерінің тарихына қатысты нақты зерттелген мәліметтерді жинастырып, келешекте жинақ шығаруды жоспарлап, тарқасты.