Қарағанды облысының мәдениет басқармасы
«Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайы көрме залымен» КМҚК

2020 жылы 28 ақпанда Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің көрме залында «1 наурыз – Алғыс айту күні» аясында Қарсақбай кентінің бас инженері, автооқыту комбинатының оқытушысы, ауылшаруашылық саласының майталманы, «Еңбек  ардагері» медалінің, бірнеше Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттардың иегері Шаймағанбетов Советқали Ақмолдаұлына (1943-2011 жж.) арналған «Ұлы ерлік баспалдағы» атты көрменің ашылуы өтті.

Музей жобасының басты мақсаты Ұлытау-Жезқазған өңірінің дамуына және оның қалыптасуына қажырлы еңбек еткен ұлы даланың ұландарын еске алу және олардың атқарған еңбектерін насихаттау. Ұрпақ міндеті еске алу, әрқашан есте сақтау!

       Іс-шараның жүру барысында әскерилер нық адыммен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын енгізіп, өз Отанына және еліне қалтқысыз қызмет еткен тұлғаға құрмет көрсетті. Сонымен қатар, кейіпкердің құрметіне гимн орындалып, бір минут үнсіздік жарияланды. Көрме қаһарманының жүріп өткен  өмір жолына арналған слайд қатысушылар назарына ұсынылды.

ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин «Туған ел», «Әкелер туралы ой» әндерін шырқап, көрмеге қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді.

Іс-шарада  Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, ақын, прозаик Зинаида Чумакова, Советқали Ақмолдаұлының жұбайы Күлпан Нұрмағанбетқызы, көзі тірісінде сыйлас, дәмдес болған замандастары, бауырлары, құда-жекжаттары және ұрпақтары сөз сөйледі.

Көрменің лента қию рәсімін көрме кейіпкерінің ағасы Жәукен Бәйішев, Жезқазған бизнес және көлік колледжінің қоғаммен байланыс орталығының директоры Зинаида Чумакова және Советқали ағаның ұлы Нұрболат жасады.

Жобаны ұйымдастыру барысында музей қызметкерлері көрме кейіпкерінің өмірі мен еңбегі туралы отбасылық мұрағаттан, музей қорынан, бірге қызмет атқарған әріптестерінен материалдар жинақтап, көптеген жұмыстар жүргізді. Экспозициялық материалдар кейіпкердің өмір жолын баяндайтын стендтерде орналасты. Стендтер қанатты сөздер мен өмірлік ұстанымдармен толықтырылды.

Көрменің ашылуында көрме кейіпкерінің ұрпақтары, туған-туыстары, замандастары, БАҚ өкілдері қатысты.

Жезқазған қаласындағы Ахмет ишан Оразайұлы атындағы мешіттің наиб-имамы Қанат Сыздықов көрме кейіпкерінің рухына арнап, құран бағыштады.

Іс-шара соңында Советқали ағаның отбасына көрменің өткендігін растайтын сертификат және  арнайы дайындалған лентаны музей басшысы Раушан Қапарова табыс етті. Шара соңында қатысушылар естелікке суретке түсті.

Жоба авторы – Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, ақын, прозаик Зинаида Чумакова]

.